“ЕРЛІК ПЕН ЕҢБЕК ДАСТАНЫ: ЖАМБЫЛДЫҚ МАЙДАНГЕРЛЕР ЖӘНЕ МАЙДАНҒА ХАЛЫҚ КӨМЕГІ” АТТЫ ТАҚЫРЫПТА КӨРМЕ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ.
9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында Жамбыл облысы мемлекеттік архивінде «Ерлік пен еңбек дастаны: жамбылдық майдангерлер және майданға халық көмегі» атты тақырыпта көрме ұйымдастырылды.
Бұл көрменің басты мақсаты – жамбылдық майдангерлердің ерлігін және халықтың майданға көрсеткен көмегін архив құжаттары негізінде кеңінен насихаттау.
Көрмеде соғыс жылдарындағы тыл мен майдан бірлігін айқын көрсететін бірегей құжаттар, фотосуреттер, майдан хаттары қойылған. Деректерге сүйенсек, Жамбыл облысынан Ұлы Отан соғысына 70 мыңнан астам азамат аттанған. Олардың ішінде 20-ға жуығы Кеңес Одағының Батыры атағын иеленсе, 7-еуі «Даңқ» орденінің толық иегері атанған. Бауыржан Момышұлы, Николай Белашов, Амантай Дәулетбеков, Саттар Естемесов – осы есімдер жамбылдық жауынгерлер ерлігінің жарқын үлгісі.
Көрменің бір бөлімі халықтың майданға көрсеткен көмегіне арналған. Соғыс жылдары облыс тұрғындары майданға жылы киім-кешек, азық-түлік тиеген вагондар жөнелтіп, қорғаныс қорына қаражат аударған. Ерлер майданға аттанған соң, олардың орнына әйелдер мен жастар станоктар мен егіс алқаптарында еңбек етіп, Жеңісті жақындатуға бар күш-жігерін салған. Тылдағы қажырлы еңбексіз майдандағы нәтижелі ұрыс мүмкін емес еді.
Қорыта келе, бұл көрме – тек тарихи деректер жинағы емес, ол ұрпаққа үлгі ерлікті насихаттаудың маңызды құралы. Жеңісті жақындатқан майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің есімі әрдайым есте қалмақ.



