ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯНЫҢ ЖОБАСЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

Жақында Қазақстан Республикасында маңызды саяси науқан – республикалық референдум өтеді. Осыған орай елімізде кең көлемде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Негізгі мақсат – азаматтарға жаңа Конституцяның мән-маңызын, оның ел болашағына әсерін жан-жақты түсіндіру, әрбір тұрғынның саяси сауаттылығын арттыру және белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыру.
Аталған бағыттағы шаралар аясында түрлі кездесулер, ақпараттық жиындар мен пікір алмасу алаңдары ұйымдастырылуда. Осындай түсіндіру жұмыстарына біздің мекеме қызметкерлері де белсенді түрде қатысып, халықпен жүздесу барысында референдумның мазмұны мен маңыздылығы туралы кеңінен ақпарат берді. Кездесулер барысында азаматтардың көкейіндегі сұрақтарға жауап беріліп, ұсыныс-пікірлері тыңдалды.



«ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘЛЕМДІК АРЕНАДАҒЫ ОРЫНЫ» АТТЫ ОҚЫРМАН КОНФЕРЕНЦИЯСЫ

Жамбыл облысы мемлекеттік архивінің Мәжіліс Залында Шоқан Уәлиханов атындағы ғылыми әмбебап кітапханасы қызметкерлерімен бірлесе, Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай «Қазақстанның әлемдік аренадағы орыны» атты тақырыпта оқырман конференциясы атты іс-шара өткізілді.
Іс-шараға Жамбыл Жоғарғы политехникалық колледжінің 3-курс студенттері қатысып, архивист, ардагер Ә.Баққараұлы мен бөлім басшысы С.Зейнуллаұлы Тәуелсіздік және Қазақстан тақырыптарында баяндама жасады.
Шара барысында еліміздің Тәуелсіздік жылдары басынан өткізген қиындықтары мен архивте сақталған құжаттары туралы сөз қозғалып, ой бөлісті.



1-НАУРЫЗ «АЛҒЫС АЙТУ КҮНІ» ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Құрметті Жамбыл облысының тұрғындары мен қонақтары, құрметті әріптестер!
Сіздерді 1 наурыз – Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
Бұл күн – бір-бірімізге ризашылық білдіріп, сыйластық пен құрметті арттыратын ерекше мереке. Алғыс айту күні – татулық пен бірліктің, мейірім мен кеңпейілділіктің символы. Қиын-қыстау кезеңдерде бір-біріне демеу болып, қолдау көрсеткен халқымыздың дархандығы мен адамгершілігі – бүгінгі тұрақтылық пен ынтымақтың берік негізі.
Осы мерекеде баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілейміз. Әрдайым бір-бірімізге алғыс айтып, жақсылық жасауға асығайық. Ынтымағы жарасқан еліміздің болашағы жарқын болсын!
Құрметпен Жамбыл облысы мемлекеттік архивінің ұжымы!



«АЛҒЫС АЙТУ КҮНІ — ТАРИХҒА ТАҒЗЫМ, ҰРПАҚҚА ӨНЕГЕ»

1 наурыз – Алғыс айту күніне орай облыстық архивтің бөлім басшысы Сағындық Зейнуллаұлы Тараз қаласындағы Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназиясы оқушыларымен кездесу өткізіп, дөңгелек үстел ұйымдастырып, тағылымды «архив сағатын» өткізді.
Кездесу барысында оқушыларға Жамбыл жеріне өзге ұлт өкілдерінің қоныс аудару тарихы, олардың өңірдің әлеуметтік-мәдени дамуына қосқан үлесі туралы архив құжаттары негізінде дайындалған фотоқұжаттар көрмесі таныстырылды.
Архив құжаттары негізінде өткен тарих туралы әңгімелеп, түрлі кезеңдердегі көші-қон үдерістерінің себеп-салдары кеңінен түсіндірілді.
Тарихи деректер арқылы татулық пен бірліктің маңызын атап өтіп, тағдыр тәлкегімен қазақ жеріне келген түрлі этнос өкілдерін бауырына басқан халқымыздың кеңпейілділігіне ерекше тоқталды. Оқушылар архив құжаттарымен танысып, архив материалдарының құндылығын сезініп, өздерін толғандырған сұрақтарын қойды.
Алғыс айту күні аясында өткен бұл архив сағаты – өткенге құрмет көрсетіп, болашаққа сеніммен қарауға үндейтін маңызды рухани кездесу болды.



«ҚҰЖАТТАРДЫ ЭЛЕКТРОНДЫ НҰСҚАҒА КӨШІРУГЕ ДАЙЫНДАУ» БОЙЫНША СЕМИНАР-САБАҚ

Ұлттық архив қоры құжаттарын мемлекеттік есепке алу және сақтауды қамтамасыз ету бөлімі «Құжаттарды электронды нұсқаға көшіруге дайындау» тақырыбында семинар-сабақ өткізді. Іс-шараның негізгі мақсаты – қызметкерлерге құжаттарды цифрландыруға дейіңгі кезеңде атқарылатын жұмыстар барысын таныстыру.
Іс-шара барысында практикалық бөлімге ерекше назар аударылып, қатысушылар нақты мысалдар негізінде құжаттарды дайындау мәселелерін қарастырды.



«XX ҒАСЫРДЫҢ — ГОМЕРІ» АТТЫ ТАҚЫРЫПТА ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ

Солтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік архиві ұйымдастырған қазақтың ұлы жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 180 жылдық мерейтойына арналған «XX ғасырдың – Гомері» атты дөңгелек үстел жоғары деңгейде өтті. Тағылымды шараға өңірдің зиялы қауым өкілдері, тарихшылар, архив басшылары мен мамандары, әдебиеттанушылар қатысып, ақынның өмірі мен шығармашылығы кеңінен талқыланды.
Кездесу барысында қатысушылар Жамбыл Жабаевтың қазақ әдебиетіндегі орны, оның айтыс өнерін дамытудағы рөлі және ел бірлігі мен отансүйгіштік рухты жырлаған шығармалары туралы ой-пікірлерімен бөлісті. Ақынның бай мұрасы – халықтың рухани қазынасы екені ерекше атап өтілді. Сонымен қатар архив қорында сақталған құнды құжаттар мен сирек фотосуреттер таныстырылып, көпшілік назарына ұсынылды.
Дөңгелек үстел аясында облыстық архивтің бөлім басшысы С.Зейнуллаұлы «Жамбыл Жабаев – дәуір үні: архивтік фотодеректер негізіндегі тарихи-деректанулық талдау» атты тақырыпта баяндама оқыды. Шара соңында қатысушылар Жамбыл шығармашылығын насихаттау, жас ұрпаққа кеңінен таныту бағытында атқарылатын жұмыстарды жалғастыру қажеттігін айтты.



ҚОР ҚҰРАМЫНДАҒЫ ҚҰЖАТТАРДЫ ТЕКСЕРУ ЖҰМЫСТАРЫ

Облыстық архивтің қор құрамындағы №21 Әулиеата аудандық атқару комитеті қорының құжаттарына тексеру жұмыстары жүргізілді.
Бұл жұмыс түрі -құжаттардың жай-күйінің дұрыстығын тексеру болып табылады.