АСТАНАДА ҰЛТТЫҚ АРХИВТІҢ 20 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТУДЕ
Астана қаласындағы «Sheraton» мейманханасында Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің 20 жылдығына арналған «Archives: Digital Transformation, Constitutional Values and Historical Heritage» («Архивтер: цифрлық трансформация, конституциялық құндылықтар және тарихи мұра») тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтуде.
Конференция барысында Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің 20 жылдығына арналған бейнеролик көрсетіліп, «Архив: өткен мен болашақты жалғаған 20 жылдар» атты құжаттық көрме ұйымдастырылды.
Конференцияның ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысып, архив саласының қоғамдағы рөліне, ұлттық тарихи жадымызды сақтаудағы маңызына және цифрлық трансформацияның өзекті бағыттарына тоқталды.
Сондай-ақ, ашылу рәсімінде сөз сөйлегендер: Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министрі Рустам Али, Тәжікстан Республикасы Ұлттық архиві жанындағы Бас архив басшысы Лутфия Шарифзода, Өзбекстан Республикасы Ұлттық архивінің директоры Дилбар Закирова, Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (ТІКА) үйлестірушісінің орынбасары Али Құрт, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің төрағасы-ректоры Ерлан Сыдықов, сондай-ақ Ресей Федерациясының Федералдық архив агенттігі басшысының статс-хатшысы Андрей Юрасов онлайн режимде қатысты.
Халықаралық деңгейдегі іс-шараға Қазақстанның архив мекемелерінің басшылары мен мамандары, мемлекеттік органдардың өкілдері, отандық және шетелдік ғалымдар мен сарапшылар қатысуда. Конференция барысында архив ісін цифрландыру, тарихи-құжаттық мұраны сақтау, архив құжаттарының қолжетімділігін арттыру және халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелері кеңінен талқылануда. Өзбекстан Ұлттық архивінде архив құжаттарының көрмесін дайындауда жасанды интеллектті пайдалану тәжірибесі де ерекше назарға алынды.
Жамбыл облыстық мемлекеттік архиві атынан конференция жұмысына мекеме директоры Ләззат Кожаханова қатысуда.
Мерейтойлық конференция архив саласы мамандарының кәсіби тәжірибе алмасуына, халықаралық әріптестікті нығайтуға және архив ісін дамытудың заманауи бағыттарын талқылауға арналған маңызды алаңға айналды.


